Қазақстан • 04 Шілде, 2018

Анкарада «Ұлы дала Астанасы» халықаралық конференциясы  өтті

376 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астананың 20 жылдығына орай Анкарада Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала Астанасы» халықаралық конференциясы  өтті.

Анкарада «Ұлы дала Астанасы» халықаралық конференциясы  өтті

Жиынды құттықтау сөзімен ашқан Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы «Қазақстан Президентінің «Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі» деген ұлағатты сөзі әрдайым жадымыздан шыққан емес. Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, азаттықтың алтын арқауы – жалпақ жұртымызды айқын болашаққа, кемел келешекке жұмылдырып, даму жолындағы ұлттық мақсат-мүдделерімізді бір арнаға тоғыстырды. Осы тұста Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Астананың айтулы мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі Анадолу топырағында бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырып, ел тарихындағы елеулі оқиғаға өзіндік үлес қосып отырғанын атап өткім келеді. 

Біздің мемлекетіміз үшін зор қуанышымызды алғашқылардың бірі болып бөліскен Түркияның орны бөлек. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біз Тәуелсіздікті жарияладық, екі сағаттан кейін марқұм Тұрғыт Өзал маған телефон шалып, «Түркия қолдайды» деді. Бұл қуанышты еш уақытта естен шығаруға болмайды» деген болатын. Көп ұзамай бауырлас екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнап, Астананың іргетасы қалануына түрік инвесторлары мен кәсіпкерлері және құрылыс компаниялары белсене араласты. Астананың түркі әлеміне ортақ сәулеттік дизаины, көгалдандыруы мен абаттандырылуы және инфрақұрылымында да түрік бауырларымыздың қолтаңбасы бар» деп атап өтті.

Жиынға арнайы қатысқан Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчудың өз сөзінде  «Болашақта қазіргі әлем тарихы жазылар уақытта Қазақстан мен қазақ түркілері бөлімінде «Тұңғыш Президент», «түркі дүниесінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев», «Астана қаласы» деген сөздер бір ұғымға айналып, қатар аталатын болады. Астана – «Аситанеи Шахане», яғни «патшаның табалдырығы, таңғажайып бас қала» дегенді білдіреді. Бұл анықтама кезінде Ыстанбұл үшін қолданылған еді. Мемлекеттер мен елдердің қалыптасу тарихында ұлы көшбасшылар қандай рөлге ие болса, басты шешімдер шығарылған шаһарлар да маңызды орын алған. Астана әп-сәтте егемен елдің алтын тәжіне айналып үлгерді»,- деді.

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-спикері Хикмет Четин, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түркияның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Халил Шывгын, Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз және түрік зиялы қауым, шетелдік дипломаттар, іскер қауым өкілдері қатысқан конференция барысында Елшіліктің тартуы ретінде қазақ және түрік тілдерінде жарық көрген «Ұлы дала Астанасы» кітабының таныстырылымы өтті. Жинақта Түркияның саяси тұлғалары  мен зиялы қауым өкілдерінің  Астана мен бас қаланың авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы 30 тарта сараптамалық мақалалары, зерттеу еңбектері мен жылы лебіздері жарық көрген.  Жаңа туынды Түркия Республикасының экс-президенті Абдулла Гүлдің «Ғаламат жетістіктің жемісі»  атты мақаласымен басталыпты.

Конференцияда Астананың қалыптасуы және дамуы туралы АНКАСАМ зерттеу орталығының директоры Мехмет Сейфеттин Ерол, ТИКА төраға орынбасары Мехмет Сүррейя Ер, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы және YDA компаниялар тобының басқарма мүшесі Жүнейт Арслан арнайы баяндама жасады. Басқосу соңында Астана күніне арналған мерекелік қабылдау шарасы өтті.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»